Бала тәрбиесіБаланы дамыту

3–5 айлық балаларды тәрбиелеу

Бұл кезеңдегі тәрбиенің негізгі міндеттері: есту және көру қабілеттерін дамыту; дыбыс реакциясын жетілдіру; эмоциялық жағдайларды орнықты ету; қолдың қимылдарын, ойыншықты алып, ұстап тұру қабілетін дамыту; еңбектегенде қажет болатын қимылдарды жетілдіру.

Бұрынғыдай емес, бұл кезеңде балалардың көру және есту қабілеттері анағұрлым жетіледі, олар айналаға зер салып қарай бастайды. Өзіне таныс заттарды басқа заттардан айырады, ынта қояды, ұмтылып ұстауға тырысады. Сондықтан оларға әртүрлі (пішіні, түсі, көлемі) ойыншықтар берген дұрыс.

3,5 айлық бала дыбыс шыққан жаққа бұрылып қарайды, таныс дауысты естісе, қуанып қалады. 5-6 айлығында ширақ қимылдайды, би әуеніне еліктеп, аяқтарын тыпырлатады, қолдарын шапалақтайды. Эмоциялық көңіл-күйлері күрделеніп, неғұрлым тұрақты бола түседі. 4-5 айлығында бала жымияды; 6 айлығында сықылықтап күле алады; айналасындағы адамдарға таңырқай қарайды; таныстарын көрсе қуанады, ал бөтен кісілерді жатырқайды. Ата-анасын көргенде бала жымиып күліп, қуанып, соған қарай ұмтылады. Олар сөзге құлақ түре бастайды, ал анасының баласымен әңгімелесуі арқасында түсінігі ерте жетіледі. Баламен «әңгімелесу» өте маңызды. Мұның үстіне сөзіңіз интонацияға бай болуы тиіс. Ана баласымен алуан түрлі жайлар туралы әңгімелесу қажет. Мысалы, тамақ ішер алдында: «Асан, қазір тамақтанамыз», басқа бір жағдайда «Марат, қолыңды әкел, қолғабыңды кигізейін» деп өтініш білдіре сөйлегені жөн. Сөйлемді қысқа құрып, аса маңызды сөзге баланың назарын аудара, екпін түсіре сөйлеген дұрыс.

6-7 айлық балалардың жағымды эмоциялары ойын үстінде жиі пайда болады, сондықтан оларды ынталандыру қажет – балаға ойнайтын жер, қажетті ойыншықтар бөлген жөн. Баланың 3 айлығында сөйлеуін қалыптастыруға көмектесетін дауыс реакциясы дами бастайды. 3-4 айлығында бала көмейінен «ги», «гхи» деген дыбыстарды шығарады. 4-5 айлығында «а-а-а» деп уілдейді. 6 айлығында былдырлап сөйлей бастайды, яғни «ба», «ма», «да» сияқты жекелеген буындарды айтады. Кейін мұндай буындардан сәбидің алғашқы сөздері құралады. Мұның бәрі – еліктеу қабілеті дамуының нәтижесі. Сәби өзі шығарған дыбыстарға құлақ түреді. Оларды ұзақ қайталап жатады. Бірақ оған ересек адамдар үйреткен дыбыстар көбірек ұнайды. Сонымен бірге, осы кезде сәбидің негізгі қимылдарға дағдылануы басталады: бала өзі назар аударған затқа қолын созып алуға, ұстап көруге үйренеді.

4-4,5 айлығында бала ересек адамдар ұсынған ойыншықтарды алатын болады. Бастапқы кезде баланың созған қолы ойыншыққа тигенімен, оны ұстай алмайтын сәттері де болады. 5 айлығында бала бірте-бірте қолын ойыншыққа сенімді түрде созып, алғашында оны екі қолымен, кейін бір қолымен алатын болады. 6 айлық сәбилер екі қолында бір-бір ойыншықтан ұстап тұра алады. Ойынға үйренген бала ойыншықтарға ұмтылып, оларды алу үшін тұрған қалпын, отырған орнын өзгертіп, жаңа қимылдар жасауды үйренеді.

Баланың етпетінен жату қабілеті жетіле түседі. 5 айлығында қолын тіреп, кеудесін көтере алады. Мұндай қалыпта тұрып, айналаға қарау оған әлдеқайда оңай әрі қызық. 6 айлығында бала алақанын және тізесін жерге тіреп, «төрт аяқтап» тұра алады. Бұл қалып оны еңбектеуге ынталандырады. Алғашында етпетінен түсуге талпынушылық сәбиде 4 айға қараған шағында пайда болады: бала ең алдымен бір бүйіріне аударылады да, сонан кейін етпетінен түсіп жатады. Балалар бұдан бұрын ойыншықтарды ұстап үйренген болса, бұл қимыл соғұрлым тиімді болады. Нақ осы ойыншықты ұстап көруге талпыну сәбиді аударылып түсуге, оны қолымен алуға итермелейді. Бұл қимылдың бәрі сәбидің аяқ-қолының, кеудесінің, қарнының бұлшықеттерін жақсы шынықтырады. Баланың бір нәрсені алуға ұмтылып, солай қарай еңбектеуге тырысқан алғашқы әрекеті сәтсіз болады; неге екені белгісіз ол алға қарай жылжудың орнына «артқа қарай» еңбектеп кетеді. Бірақ балалар (7 айлығында) бірте-бірте еркін еңбектей бастайды.
Қозғалысы жетіле бастаған кезде өз бетімен отыра алатын болып, сонан кейін ғана еңбектегені жөн деп ойлайтындар қателеседі. Шынында, бұлай емес. Еңбектемей тұрып, алдымен отыруды үйренген балалардың шарасыз болатынын бақылаулар көрсетіп жүр. Етпетінен жатқызса, бала жылайды немесе маңдайымен жер сүзіп қимылдамай жатады. Қозғалуға ынта білдірмейді.

6 айдан 9 айға дейінгі балаларды тәрбиелеу

9 айдан 1 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу

Омарова Нұрбану

Tags

Related Articles

Back to top button
error: !!!Мақалаларды рұқсатсыз пайдалануға болмайды!!! Сайттағы мақалаларды тек қана жеке басыңыздың қажеттілігі үшін пайдалануға немесе ағартушылық мақсаттарда ғана көшіруге болады. Мақалаларды сайт әкімшілігінің жазбаша рұқсатынсыз коммерциялық баспа өнімдерінде жариялауға, теле-радио хабарларға пайдалануға және басқа да коммерциялық мақсаттарға пайдалануға болмайды. Мысалы, газет-журналдарда жариялау, телебағдарлама сюжетіне пайдалану сынды әрекеттер редакцияның жазбаша рұқсатынсыз жасалмау керек.